Отандық телевизия корифейі

Айқын апта, №26 (1937)

вернуться к публикациям

Отандық телевизия корифейі

Жас жүрегін жастайынан от жалынға қақтап өскен, мектепте ақ «халық жауының» баласы атанған, алайда кейін отандық теледидар саласының тұңғыш зерттеушісі, іргелі теоретигі, жастардың ғұлама ұстазына айналған – Марат Кәрібайұлы Танкин (Барманқұлов) көзі тірі болғанда биыл 75 жасын тойлар еді. Осыған орай біз бүгін Мәкең салған сүрлеуді жалғастырушы, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Тұрсын мырзаны сөзге тартқан едік.

– Танымал ғалым. Ұлағатты ұстаз. Абзал Азамат. Көп пенденің қолы жете бер­мейтін осынау үш тұғырлыққа ие болу да қиынның қиыны болар?

– Марат Кәрібайұлы 1961 жылдың желтоқсанынан 2000 жылдың мамырына, демек, өмірінің соңына дейін, 40 жылға жуық саналы ғұмырын, ұлы мұрат ұс­таздыққа арнаған, өз саласының бе­саспап маманы. Мәкең 28 жасында Мәскеуде кандидаттық, 44 жасында телевизия са­ласынан докторлық диссертация қорғап, 45 жасында профессор атанған, артына өшпестей, теңдесі жоқ 17 кітап қалдырған ғалым. Қазақ телевизиясының тұңғыш комментаторы және репортері, жыл­жы­малы телестансамен студиядан тыс жерден (Алматы ауыр машина жасау зауытынан) тұңғыш телерепортаж жүргізген журна­лист. Отандық телеиндустрияның барлық танымал саласында Марат Барманқұлов есіміне міндетті түрде тұңғыш деген сөз тіркеседі.

1995 жылдан басталған жылы қарым- қатынасымыз Мәкең өмірінің соңына дейін жарасымды жалғастығын тапты. Өзі құрған тележурналистика кафедрасындағы оқытушылардың ақылшы ағасы, әрі сырласы және сыйласы бола білді. Өмірге құш­тар жан студенттердің әрбірінің сүйікті ұстазына әрі сенімді серіктесіне айналды. Ол қай кезеңде де кафедраға жаңа келген оқытушы немесе жас талапкер болсын олардың бойынан байқалған ұшқынды өшіріп алмауға, оны аялап, мәпелеп жетілдіруге адами қасиетімен де, адамгершілік асқақтығымен де құлшына кірісетін. Ортаға танымал, үлкенге де, кішіге де «Борман» атанған (студенттік орта таққан ат) ағаның аудиториядағы жастарға қарапайым түсініктен, келелі ой түйіндетіп, тарыдан таудай, таяздан телегей-теңіз тереңдік жасайтын кемең­герлігі таңғалдыратын.

– Отандық тележурналистиканың тео­риясын алғашқы жасаушылар есімін мәң­гілік есте қалдыру барысында факультет та­рапынан атқарылып жатқан игі шаралар да аз емес секілді…

– Қазақ журналистикасының бақы­тына орай, өткен ғасырдың орта шенінен бастап осы саланың «отымен кіріп, кү­лімен шыққан» ғұламалар қатарында кезеңінің кәсібіне берілген шынайы ғалымдары — Хайыржан Бекхожин, Тау­ман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Ма­рат Барманқұлов, Совет Масғұтов, На­мазалы Омашевтар болды. Олардың әрбірі төл журналистикамыздың сан саласын теориялық жағынан жүйелей зерттеп, оны осы бағыттағы әлемдік, кеңестік зерттеулермен ұштастыра отырып, жаңа байлам, тың ойлармен толықтырып, ұлттық құндылықтармен шегендей отырып, байытты. Біздің бүгінгі осы саладағы жеткен жетістігіміз, алған асуымыз осы алдыңғы толқындағы зерделі, ойшыл, тереңнен маржан іздеген кәсіби ғалымдарымыздың еселі еңбегінің жемісі. Оны ұмытуға да, жоққа шығаруға да болмайды. Саналы ғұмырларында, сарыла іздеген мақсаттарына жеткен ғұламалар соңдарына өшпестей мол мұра, зерлі дүниелер қалдырды. Сондықтан да олардың әрбірінің есімі әлдеқашан-ақ «отандық журналистиканың» тарихына «алтын әріптермен» мәңгілікке қашалып жазылған.

– Марат Барманқұлов өмірінің соңғы жылдарында зерттеу саласын түркітануға қарай кілт ойыстырды. Осының сыры не­де?

– Тележурналистика саласындағы он беске жуық оқу құралдары мен оқулыққа пара пар дүниелері мен отандық және алыс жақын шетелдік ғылыми басы­лым­дардағы әлденеше жүздеген зерттеулері, күнделікті газет бетіндегі мақалалары ғалымды кеңестік кеңістікке алып шықты. Мәкеңнің парасаттылығы сонда, ол кез келген осы саладағы ғалымдармен иық теңестіре отырып, әрі өз пікірінің дәлелді, өз тұжырымының ақиқаттығына сені имандай сендіретін. Ғалым аудиторияда студенттер алдында болсын, не өзі зерттеп- зерделеп жүрген саланың озық ойлы мамандарымен кездесулерде болсын, үнемі пікірталасында өзгелерден «оқ бойы» озық тұратын. Ал біздің көпші­лігіміз тәуелсіздік туы желбіреген сәттен, оның тұғырына нық орныққан кезеңіне дейінгі аралықтың қаншалықты күреске толы болғанын білеміз. Міне, осы алғашқы кезеңдегі өз ұлты жайындағы желбуаз әңгімелер мен кешегі кеңестік кезеңдегі кемсітушілік «көкірек көзі ояу» азаматты өзге бір кеңістікке алып шықты. Ол «Түркі әле­мі», «Алтын әйел», «Аққудың мұра­герлері», «Хан Иван» зерттеулері арқылы түркі халқының тұтас тарихын орыс тілінде сөйлетті. Солай етіп, түркі ха­лықтарының қара шаңырағын ұстап қалған «Ұлы Даланың» мұрагері атанған «қазақ» халқының терең тарихын сонау біздің эрамызға дейінгі ХІ ғасырға дейін апарды. Әрі осының өн бойы оқырманды сендіретін тарихи деректермен жүйеленіп, қызғылықты жайттармен желілей өрбіді. Осы еңбектері үшін де түркі әлемі Мәкең алдында — үнемі қарыздар. Алайда осынау баға жеткісіз еңбектері көзінің тірісінде де, өзі өмірден озғаннан кейін де әріптес­тері тарапынан да, түркітанушы ғалым­дар­дан да өзіне лайықты бағасын алған жоқ.

– Баға демекші, талантты әрі танымал тұлға Марат Кәрібайұлы көзінің тірісінде де, өмірден озғаннан кейін де оның «атының» өзгелерден оқшауланбай, қарапайымдылық қамытына оранғаны қалай?

– Ұстазды қашан көрсең де тым қа­рапайым болатын. Біреуді даттау не қа­ралау, не ғайбаттау дегенді қасына ерген бес жылда ол кісіден естімеппін де, көрмеппін де. Ұлылық дегеннің бір қыры да осы болар-ау! Жазғаным көп деп кө­кірек қаққанын да, білетінім мол деп тасығанын да, не болмаса білімім асқан деп толқындағанын де байқамаппын. Ғұмырының өн бойындағы ұлағатты ұлы істердің ұшар басында тұрса да «мен» деп көкірек қақпады. Әлдекімдер секілді жо­ғарыға жалтақтап орден, медаль сұрамады. Жазғанымды тасқа бас, деп өзгелерге ала­қан жаймады. Алайда білімпаздың құн­ды дүниесін таныған «рухани құн­ды­лық­тардың жанашырлары» өз ақшала­ры­на ғалымның ғылыми еңбектерін көп­шілікке жеткізді.

Ал өзі өмірден қайтқаннан кейін, тір­шілігінде танымаған зердесіздер оны шын мәнінде ұмытты. Әйтпесе, ғалым, ұстаз, философ, телетанушы, телесыншы, теле­комментатор, телерепортер, түркітанушы, мәдениеттанушы, профессор сынды «сегіз қырлы» тектіге Алматы қаласындағы өзі оқыған №33 орта мектепке оның есімі не іргедегі кіндік қаны тамған Талғар қа­ласынан бір көше атауы берілсе артық болар ма еді?! Сонда халқы артына мол мұра қалдырған «тектінің тұяғына» (әкесі Халық Танкин Құлмұхамедов — қазақ зиялыларының бірі болған) өскелең ұрпақтың көз алдында «тарих зердесінің» бір парағын ашар еді. Амал не, бізде за­манды «ақыл емес, ақша билеп» тұр­ғанда, бұған әл қадерге шамамыз да, ақыл тоқ­тамымыз да жете қоймас!

– Ғалымның электронды БАҚ сала­сын­дағы ғылыми-зерттеулері күні бүгінге дейін отандық танымал ғалымдар мен зерттеу­ші­лер тарапынан толыққанды бағасын алмаған се­кілді?

– Осының түп негізін өзге жақтан емес, көпшілігінде зерттеуші ғалымдардың осы бір «синкретті» саланың қыры мен сырын өздерінің әлі де болса толық ұғына алмай келе жатқан ойпанынан іздеген жөн. Әйтпесе, Марат Кәрібайұлының еңбектерін зерттеймін деген ізденуші ғалымның өмір бойына жазған-сызған дүниесін түгелдей қопара зерттеп, сосын жан әлемінде соның бәрін саралай келіп, кейін сорпасынан тортасын айырып, ең құнарлысын мидың мың градустық пе­шіне салып, суы сарқылғанша, буы тар­қағанша қайнатып барып, есті оқырманға ұсынса болмас па? Дегенмен бізде әлі күнге дейін Мәкеңнің талғамынан шығып, талабына жауап беретін зерттеуші туылған жоқ.

– Марат Кәрібайұлының артына қал­дырған мол мұрасының шұрайлы бөлігі күні бүгінге дейін сан салалы басылым беттерінде шашырап жүр. Соған орай, ғалымның өзі ұзақ жылдар қызмет істеген университет, факультет басшылығы осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Мәкең факультет қабырғасынан ашылған тележурналистика кафедра­сының іргесін қаласқан, өмірінің соңына дейін соған басшылық жасаған — білікті ұстаз. Ол кісінің білім бұлағынан сусын­даған, қайнарынан қанып ішкен алдыңғы, орта толқын буындар республика және одан тысқары аймақтарда жетіп-арты­ла­ды. Ұлағатты ұстаздың алдын көрген, одан тәлім-тәрбие алған танымал журналистер республикадағы орыстілді басылымдарда молынан ұшырасады. Олардың әрбірінің ақылшы аға, жаны жайсаң жан жайлы пікірлері де орнықты, әрі тартымды.

Соған орай, факультет басшылығы мен кафедраның оқытушы-профес­сор­лары ғалымның сонау өткен ғасырдың орта шенінен басталған журналдар мен газет­тердегі әр жылдардағы ғылыми-зерт­теу­лерін және Мәкең жайлы естеліктер мен еңбектері жайлы жарияланымдарды жинақтап, биыл «Өнегелі өмір» серия­сымен «Қазақ университеті» баспасынан тағылымдық-танымдық кітап шығару ісін қолға алды. Оған себеп, ғалымның көзі тірісінде жазған ғылыми-зерттеу еңбектері осы салаға маманданатын студенттер мен зерттеушілер үшін аса маңызды әрі құнды. Бұған дейін де университет баспасынан осы сериямен Хайыржан Бекхожин жай­лы кітап жарық көрсе, жақын уақыттарда Тауман Амандосовтың өмірі мен ғылым­дағы қия жолдары да жарыққа шығады.

– Марат Кәрібайұлы зерттеулеріндегі «тектілік» жайында не айтасыз?

– Ғалым негізінен еңбектерін орыс ті­лінде жазды. Ол ана тілінде сөйлеген шақта да ойын тиянақты, жүйелі әрі то­лыққанды жеткізетін. Журналистика мен оның мәуелі бұтағы тележурналистика не түркітану саласында болсын, жазған еңбектерінде туған халқының мұңы мен шерін, назасы мен ызасын, біліктілігі мен білімділігін, парасаттылығы мен пайым­дылығын тереңнен толғап, телегей-теңіз шалқарлықта оқырманға жеткізудегі сырбаздығы мен мәдениеттілігі, білім­дарлығы оны үнемі «тектілік» ауылынан аластатпады және өзі де одан алыстамады. Қай тақырыпқа, қай нәрсені жазса да ойлары биік талғаммен, өрелі оймен астасып, сөйлемдері көзге көп шалына бермейтін маржан тастармен көмкерілетін. Ғалым еңбегінің өлмейтіндігі де, көнер­мейтіндігі де осы бір қасиетімен бағаланса ке­рек ті.

Сұхбаттасқан
Ұлбосын Айтөлен

дизайн: www.myworks.kz

© 2012 – 2013       По вопросам писать: marat@barmankulov.kz